/ Шығыстағы ұлттық спорттың ахуалы мәз емес
/ Рекламные блоки
15 октября 2020 года, 09:46
Аян Қалымбек

Шығыстағы ұлттық спорттың ахуалы мәз емес

Ұлттық спорт түрлеріне халықтың ықыласы күн санап артып келеді, әйтсе де жергілікті билік тарапынан қолдау болмай тұр. Облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген жеңімпаздарымыз неге ренжулі?
Фото: В. Ивановтікі
Этот материал доступен на казахском языке
Осыдан 2 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Ұлы даланың 7 қыры" атты мақаласы жарық көрді. Елбасы ол еңбегінде сахараның сарбаз саңлақтары - көшпенділердің атқа міну мәдениетіне кеңінен тоқталды.

Жылқы малын жортқанда серігі, мінгенде көлігі еткен бабаларымыздың әу баста соғыс өнеріне машықтану мақсатында қалыптасқан ат үстіндегі ұлттық ойындары - бүгінде бізге ат спорты түрінде мұра болып жетіп отыр. Қалалық ат спорты мектебінің бүгінгі ахуалы қандай? Жалпы өңірде ат спортына баулитын неше мектеп бар?
- Қазір Шығыс өңірінде ресми тіркелген 3 мекеме жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында "Өскемен қалалық ат спортының ұлттық түрлерi бойынша БЖСМ" КММ, Көкпектi ауданында "Көкпектi аудандық ұлттық ат спорты түрлерi бойынша БЖСМ" КММ, Тарбағатай ауданында "Тарбағатай аудандық ұлттық ат спорты түрлерiнен БЖСМ" КММ бар. Өскемен қаласы бойынша келушiлер саны - 176 адам, Көкпектi ауданы бойынша - l00 адам, Тарбағатай ауданы бойынша - 50 адам. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында ұлттық ат спортымен айналысатын спортшылар саны - 6697. Жыл сайын келушілер саны артуда. Ұлттық спорт түрлерiмен шұғылданушылардың өcyiнe чемпионаттарды, республикалық және халықаралық турнирлердi біздің өңірде өткiзу көп ықпал етедi, - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков.
2015 жылға дейін республика көлемінде атағы дүркіреп, талай мықты спортшыларды баптап түлеткен Өскемендегі қара шаңырақтың қазір неліктен бассейн ғимаратының қалқасында қалғанын сұрап, басқарма басшысынан мардымды жауап ала алмаған соң, ат спорты мектебінің күйін өз көзімізбен көріп қайтайық деп шештік. Қаныш Сәтпаев даңғылының жолы тақтайдай тегіс, мұнтаздай таза болса да, орталық бассейнді айнала бере аяқ киімді батпақ, классик шалбарды сатпақ қылып, лай кешіп барып мекемеге бас сұқтық.

9I3V5064.jpg


22 атқа 8 жүген, 5 ертоқым жете ме?


- Дәл осы қалыппен кете берсе, болашақта бұл мектеп бола ма, жоқ па - соның өзі үлкен сұрақ болып тұр, - деп әңгімесін бастады директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кабдрахман Тұрашев. - Ипподромның жерін алып алды. Ат спорты мектебіне тиесілі - өзіңіз отырған осы ғимарат пен атқора, сосын балалар дайындалатын 200 метр алаң ғана. Бапкерлер жеткілікті болғанмен, жеріміз тар, жылқылар аз.
Былтырғы тексеріс кезінде мәслихат депуттатарына базынасын ақтарған ағамыз билік өкілдері бәрін естіп, көріп, біліп отырса да әрекет етпейді деп қапалы.

- Осыдан 2 шақырым жердегі ипподромға аттарды апаруын апарамыз. Бірақ балаларды жеткізетін жағдай жоқ: автобус жүрмейді, транспорт берілмеген. Қарапайым мына кеңсенің өзіне жаңбыр жауса, балшыққа былғанып келеміз. 130 бала мінетін 22 атқа арналған 8 жүген, 5 ертоқым ғана бар. Бір лекпен келетін 40-50 бала атқа кезек-кезек мініп жаттығады. Бастапқыда болған 43 аттың біразын тістейтін, тебетін, алып қашатын мінездері болғаны үшін өткізіп тастадық. Жақында ғана астанада дәстүрлі садақ тартудан, жамбы атудан өткен жарысқа барып келдік. Тағы да керек-жарақтың бәрін өз қаржымызға сатып алдық. Алмай-ақ қояйық десек, ол балаларға қажет дүние. Егер олар садақ тартпаса, несіне жамбы атып жаттығады, солай емес пе?! - деп мұңын шақты Кабдрахман Сабыржанұлы.

9I3V5111.jpg


Айналаның бәрін қазып тастаған

Мекеменің облысқа қарап тұрған шағында оқушы болған, осы күні қыз қуудан Қазақстанның 8 дүркін жеңімпазы, "Алтын тұғыр" иегері, спорт шебері Еркеназ Айтышева - қазір өзі де ұл-қыздарды баулып, бапкерлікпен айналысуда.
- Атқұмар балалар көп келеді. Бірақ біз "жыл көлемінде осы ат сенікі" деп бір балаға ғана беріп қоя алмаймыз. Сосын әркіммен жағаласып жүрген соң көпшілігінің қызығушылығы төмендейді. Ең соңында ұлттық спортқа ынтасы зор, жылқыға махаббаты күшті жастар ғана қалады, белгілі бір жетістіктерге жетіп, бірігіп жұмыс істейді. Ең қатты қысылатын жеріміз - дұрыс жаттығатын алаңның жоқтығы. Оқушыларым тау бөктеріндегі кең жерді көріп "біз неге мына жаққа шыға алмаймыз" деп сұрайды. Маңайдың бәрін техникалар қазып-қазып кеткен соң ол жақтың қауіпті екенін түсіндіремін, - деп пікір білдірді шабандоз қыз.
Алаңның айналасын тұрғын үй салу мақсатында қазып тастаған көрінеді. Енді мекеме басшылығы да, қызметшілері де балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдауда.
- Құдай сақтасын, жаттығу кезінде ат алып қашып мына шұңқырлардың біріне жығылса, бәріміздің басымыз кетеді. Атқа да, балаға да бірдеңе болса, біз жауап береміз ғой. Оларға келме деп айтсақ - ертең біржола тастап кетеді. Болайын деген баланың бетін қақпай, белін буған қазақпыз. Қар, жаңбырға қарамай күнде келетін 10 шақты бала бар. Олар мінбесе де жануарларын сылап-сипап, жем-су беріп осында жүреді, - дейді Еркеназ қарындасымыз.

9I3V5086.jpg


Ипподромды өскемендіктер де іздейді


Өскеменнің тұрғындары мен қонақтары тау бөктерінде атқа мініп бой жазып, қыдырғылары келетіндерін үнемі айтып келеді. Бірқатар жастар қала әкімдігіне өкпелерін білдіріп әлеуметтік желіге ашық жазады.
- Облыс орталығы бола тұра бір де бір ипподром жоқтығына таңқаламын. Әлде біз білмей жүрміз бе?! Кейде туыстарымыз, достарымыз қалаға келгенде "атқа мінетін жер бар ма" деп сұрайды. Қазақ болған соң өзіміз де апта сайын жылқыға мініп, рухымызды оятып, демалғымыз келіп тұрады, - дейді қала тұрғыны Тілеужан Сайлауұлы.
Негізі, көкпардың айғырлары кесек, ірі болып келеді. Білетіндер аударыспаққа арналған аттарды да бөлек дайындайды. Бәйге жүйріктерінің бабы, күтімі мүлде бөлек болады. Өскемен қалалық ат спорты мектебінің аттары қандай ойын бар - соның бәріне қатысатын "универсал" болып кеткені таңқалдырады. Тіпті, жеткіншектер аптасына алты күн қатар мініп, әбден шаршататын "бесаспап" жануарлармен жарысқа барудың өзі ұят секілді. Мекеме 10-18 жас аралығындағы жеткіншек-жасөспірімдерді тегін қабылдайды. Алғашқы 4-5 жыл бойы балаларға атқа дұрыс отыруды ғана үйретеді. Жылқымен етене жақын болып, оның әрбір қимылын, жүрісін сезініп, мінезіне үйренгеннен кейін барып кімнің қандай спорт түріне икемі бар екені байқалады.


Спортшыларды таситын транспорт жоқ


Республикалық көкпар додасына Шығыс Қазақстан командасы атынан қатысатын көкпаршылардың көбі - осы мектепте бапкерлік қызмет атқарады. Ат әбзелдері жеткіліксіз болғандықтан, шәкірттерінің дайындығы сапалы, нәтижелі, жемісті болғанын қалайтын олар күнделікті жұмысына көліктерінің жүксалғышына ер-тоқым, жүгендерін салып ала келеді. Ал чемпионат болатын кезде өз үйлеріндегі көкпар айғырларын осында әкеліп, 14 күн бойы құрама болып дайындалып, жарысқа аттанады. Аттарды КамАз көлігіне тиеп әкетсе, құрама ойыншылары мен мекеме қызметкерлерін таситын көлік жоқ болып шықты. Газельге сыймай қалатын чемпиондар таксимен, жеке көліктерімен жолға шығатыны спорт басқармасын да, қалалық әкімдікті де алаңдатпайтын сыңайлы.

Бірақ жеңімпаздар оған бола қайғырмайды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы 2018 жылдың шiлдесінде Нұрсұлтанда ересектер арасында көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге iлу сайыстары бойынша өткен Қазақстан Республикасының біріншілігіне қатысты. Астананың 20 жылдығына орай көкпар, аударыспақ, теңге iлу, жамбы ату сайыстарынан Өскемен қаласында өткен облыстық чемпионатта жеңiмпаз атанып, 13-15 тамыз аралығында Павлодарда өткен "Ұлы дала рухы" фестивалiнде 2-орынға ие болды. Республика деңгейiнде облыс атағын шығарып жүрген спортшылар: Ермек Жәпишев, Ерлан Юсупов, Еркеназ Айтышева, Мансұp Тамекенов, Бiржан Дүтбаев, Қанат Жайжатыров, Дархан мен Жарқын Жанбуршиндер, Мaқсaт Аринов, Ақжол Абугалимов, Дарын және Еламан Ахмадиевтар, Елдос Апсалямов, Данияр Уразаев, Дacтан Уразаев, Айдын Қоқымбаев, Дархан Камалиев, Артур Бикинин.

Шығыстың бас шаһарындағы атағы дардай ат спорты мектебінің жанайқайына қанық болдық. Жергілікті билік өкілдері, қала әкімдігі, спорт басқармасы талап-өтініштерін елеп-ескереді деген үміттеміз.
 Шығыстағы ұлттық спорттың ахуалы мәз емес
 Шығыстағы ұлттық спорттың ахуалы мәз емес
 Шығыстағы ұлттық спорттың ахуалы мәз емес
Следующая новость

Новости по теме

Новости Усть-Каменогорска и ВКО -
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тұңғыш Президент күні дәстүрлі "Ұлы дала мұрагерлері" домбырашылар марафонынан бастау алды
Новости Усть-Каменогорска и ВКО -
Күршім ауданының орталығында ерекше балаларға арналған күндізгі стационар бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ерекше балалар санатына жатқызылатын, белгілі диагноз қойылған 7 бала бар
Новости Усть-Каменогорска и ВКО -
Ұланда ушығып тұрған мал ұрлығы туралы жазған болатынбыз. Енді, міне, Катонқарағай ауданында да "төрт түлік малға жасалған қастандықтың" өршіген үстіне өршіп, тіпті тыйылмай тұрғаны жайлы хабар келіп жетті
Новости Усть-Каменогорска и ВКО -
Демеуқаржы ШҚО шаруаларына толық демеу болмады
Новости Усть-Каменогорска и ВКО -
Өскеменде иесіз иттердің саны күн санап артып келеді. Соған сай тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар да жиілей түсті. Биыл иесіз ит пен мысық атуға 15 млн теңге қаржы бөлінді