25 қыркүйек 2020 года, 16:10
Таунар Қайрат

Өскеменде І топтағы мүгедек қыз баспанасыз жүр

Тіршіліктің тарамданған жолында әр пенденің тағдыры да әр қилы. Ұлттық сенімімізге иек артсақ, адамның тағдыры ананың құрсағында жатқанда-ақ пешенесіне жазылып қояды деседі. Алайда пенденің бойындағы мақсаты мен арманы оны күрес әлеміне жетелейтіні тағы бар. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміздің туа біткен дертпен алысып келе жатқанына, міне, биыл 26 жылдың жүзі болды. Бойына қара нардың күшіндей төзім жинаған бойжеткеннің қайсарлығына қарап таңқалдық
Фото: Жұлдыз Базилова ұсынды
Кейіпкерміз Жұлдыз Базилова Күршім ауданы Үшбұлақ ауылында туған. Тумысынан мүгедек, оған дәрігерлер хонродистрофия диагнозын қояды. 
Әже қамқорлығы
Өмірге келіп, көзін ашқалы алғаш көрген адамы - әжесі. Анасы отбасын асырау үшін ауылдан қалаға жұмыс іздеп кетеді. Содан бастап қаршадай қыздың тәрбиесі әжесінің мойнына жүктелді. 
- Қаршадайымнан әжемнің қолында өстім. Әлі де сол кісінің тәрбиесіндемін. Менің ыстығыма күйіп, суығыма тоңған осы апам. Үшбұлақ -бұрынғы Пугачев ауылы. Ол жақта 2004 жылға дейін тұрып, кейін Алтай ауданына қарасты Тұрғысын ауылына қоныс аудардық. Отбасылық жағдаймыз дұ-рыс болмағандықтан анам ауылдан қалаға келіп, автобуста кондуктор болып жұмыс істеді. Таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппайтын. Өзі полиартрит, яғни, буындары сырқырап ауыратын. Басымызда баспана да жоқ. Ағам мен әжем меннен еш жылулығын аямады. Әлі көмектесіп келеді. Арбаға таңылғаннан кейін жүріп-тұруым да қиындады. Бірақ олар осы қиындықтың бәрін көтере білді, - дейді Жұлдыз Базилова әңгімесін жалғап.

"Арманымнан алыстап кеттім"

Бойжеткен І топтағы мүгедек болса да оның өмірге деген талпынысы барлық қиындықтарды артқа қалдырып отырды. Бір таңғалғанымыз кейіпкеріміз әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұрауға жаны қарсы. "Жағдайы менен де ауыр жандар бар ғой" деген сөзін естігенде таңданысымызды жасыра алмадық. Осыдан оның қиындық атаулыға көмпіс болып кеткендігін аңғарғандай болдық. Кенет осындай нәзік жанның бойында таудай төзімнің қасқайып тұруы заңдылық шығар деген ой сап ете түсті. Себебі өмірдің өзі күрес емес пе? 
- Жоғары оқу орынына түсуді армандайтын едім. Өкінішке  қарай, оқи алмадым. Шынымды айтсам, еш мүмкіндігім болмады. Алтай ауданында ұстаздарым үйге келіп оқытып жүрді. Сөйтіп 9-сыныпқа дейін ғана оқыдым. Себебі қалада баспанамыз болмағандықтан арманымнан бас тартуға тура келді. Сүйектерім ерекше бос болды. Шалт қимыл жасасам, сүйектерім шытынап кететін. Морт сынғыш болды. Неше түрлі дәрілер ішіп, қабылдамаған ем қалмады. Тіпті қазақи ем-дом да жасадық. Нағашы әжем Марат "сүйек қатайсын" деп тастың майын ішкізіп жататын. Әйтеуір бұрынғыдай емес, нәтиже бере бастады. Морт сынуы азайды. Бірақ кейде сынып кетіп тұрды. Кейін тағы сол сынған жерге тастың майын жағып, ошаған тартқаннан кейін сынғаны тоқтады, - дейді кейіпкеріміз.

Жалдамалы пәтерде күн кешуде

Кейіпкеріміз бүгін де анасы және ағасымен бірге Өскемендегі жалдамалы жатақханалардың бірінде тұрып жатыр. Жатақхана бесінші қабатта орналасқандықтан жедел сатымен шығып-түседі екен. Кей кездері жеделсаты жұмыс істемей қалған сәттерде ағасы Талғат көтеріп шығаратын көрінеді. Айта кетейік, Жұлдыздың ағасы Талғат Зарлыханұлы да ІІ топтағы мүгедек. 
- Қазір салмағым 26 келі. Мен осы салмақты ұстап тұруым керек. Әйтпесе жүріп-тұруым қиындап кетеді. Басымызда тұрақты баспана болмағандықтан арбамен көшіп-қону оңайға соқпайды. Қазір осы үйде паналап отырмыз. Бұл үйді де бір күні босатуымызға тура келеді. Сол кезде қайда барарымызды да білмейміз. Пәтер ақысын ай сайынғы жәрдемақыдан төлеп келеміз. Әжем ауылда жалғыз тұрады. Оны тастап кете алмаймыз. Ол кісі де Талғат ағамның көмегіне мұқтаж. Ауылдан азық-түлігімізді, күнделікті тағамдар мен керекті өнімдерімізді ала келеміз, - дейді Жұлдыз Базилова.

Баспана қашан бұйырады?

Жұлдыз арбаға таңылдым деп қол қусырып отырған жоқ. Жанталасып еңбек етіп жүр. Өзінің құрбысынан кірпік емдеуді үйреніп те үлгерген. Тіпті өзінің жеке әлеуметтік парақшасы арқылы жұмысын да бастапты. 
- Арбада отырсам да басыма баспана алуға аз да болса пайдасы тиер деген ниетпен жұмыс істеуге бел будым. Сөйтіп құрбымнан кірпік емдеуді үйрендім. Өзіме жеке парақша ашып, жұмысымды ақырындап жүргізіп отырмын. Көбінесе ауылға барғанда ауылдас-тарымдікін жасаймын, - дейді бойжеткен.
 Жұлдыз Базилова бұған дейін баспана сұрап талай мәрте әкімдіктің табалдырығын да тоздырды. Тіпті, 2018 жылы баспана кезегіне тұрған. 
- Кезекке тұру үшін әкімдіктегі қабылдау бөліміндегілер берілген мәліметті қате түсініп, І емес, ІІ топ мүгедегі деп жазып тастапты. Тумысынан арбаға таңылған адам қалай ІІ топ мүгедегі болады? Осыдан кейін қала әкімі Жақсылық Омар тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Фархад Жилибаевқа жіберді. Бірақ әлі еш көмек көрсеткен жоқ, - дейді Жұлдыз Базилова.
Кейіпкеріміздің үміті билік өкілдерінде болатын. Өкінішке қарай, оның әкімдіктегілерге деген сеніміне селкеу түсе бастағандай. Мүгедек қыздың жағдайын назардан тыс қалдырған шенеуніктер Жұлдызға әлі хабарласпапты. 
- Мен әкімдіктен тегін пәтер сұрап отырған жоқпын. Білуімше І топтағы мүгедектерге айына 5000 теңге төлеп тұруға болатын тұрғын үй жалға беріледі екен. "Бізде қазір ондай бос үйлер жоқ" деп тойтарып тастады, - дейді Жұлдыз.
Жұлдыздың айтуынша, жуырда анасы Салтанат апай қалалық инспекциясына бас-пана кезегін білуге барыпты. Кейін ол кісі ауылға кеткенде қабылдау бөлімінен хабарласып, келуін сұраған. 
- Анамның орнына кезекті білуге бардым. Сондағы айтқандары "Қазір пәтер көптеп бөлінуде. Алайда кезек келмейінше ала алмайсыздар" деді. Артынан облыс әкімінің қабылдауына жазылдым. Анығын білмек болып хабарласқан едім "Кезекте тұрсыз ба, күтіңіз!" деп телефонды қоя салды, - дейді кейіпкеріміз.
Қала әкімдігіндегілер бір ай бұрын Жұлдыз тұрғын үй кезегінде 2708-ші болып тұрғанын айтқан. 
- Жұлдыз Базилова бас-пана кезігінің тізімінде 2018 жылдың тамыз айынан бастап І және ІІ топтағы мүгедектер санаты бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта оның кезегі № 2708. Тұрғын үй қолданыстағы кезекке сәйкес болу үшін мүмкіндігі болған кезде беріледі, - деп мәлімдеген қала әкімдігі.
Билік өкілдерінің сөздеріне негізделсек, баспана мәселесі жуық арада шешім табар түрі жоқ. Десе де, әкімдік мүгедек қыздың жағдайын әлі де назарға алар деген үміттеміз.
Өскеменде І топтағы мүгедек қыз баспанасыз жүр
Следующая новость