25 қыркүйек 2020 года, 17:01
Устинка Live

Қымыздан жасалған балмұздақ

Ұлттық брендіміз қымызды енді сусын ретінде ішіп қана қоймай, тәтті балмұздақ түрінде де тұтынуға болатынын біреу білсе, біреу білмес. Өскемендік кәсіпкер Берік Рахметқалитегі бұл күнде жұртшылықты таңсық өніммен тамсандыруда
Фото: Аян Қалымбек
Сан ғасырдан бері қазақпен біте қайнасып кеткен жылқы малының сүтін бүкіл әлем жұртшылығы сүйіп жейтін тәтті балмұздаққа айналдырып, кәсіп бастаған Өскемен қаласының тұрғынымен біз де кездесіп қайттық.

Мінсең - көлік, жесең - ет, кисең - киім, ішсең - сусын болатын қасиетті жылқы түлігінің қымызынан тәп-тәтті балмұздақ та жасауға болатынын Өскемен халқы танып-біліп жатыр. Бұл идея қашан келді, қайдан шықты? Не түрткі болды?
- Шынымды айтсам, менің айналамда кілең ұлтжанды азаматтар. Көмекшім, жолдастарым, бауырларымды айтпағанда үйдегі ұлымның өзі орысша қосып қалсаң, "қазақша сөйле" деп отырады. Ал негізі, тап осы балмұздақ болмаса да бір ұлттық өнім жасап шығару бұрыннан
ойымда жүретін. Сол кезде көмекшімнен Айдын деген жас кәсіпкер жігіттің көршілес қырғыз еліне барып, қымыз сусынынан балмұздақ жасайтындарын көріп, Семейге келіп өз дайындау әдісін ойлап тапқанын, тіпті оны патенттеп те алғанын естідім. Содан не керек, аттың басын қарт Семейге бұрып, Айдынмен танысып, рұқсатын алып, осы технологияны Өскеменге алып келдік.

Жаһанды жаулаған әлемдік пандемия Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Шағын және орта бизнеске айтарлықтай нұқсан келтірді. Дәл осы мезгілде сіз "нар тәуекел" кәсіп бастап кеттіңіз. Карантин режимі ә дегенде кесірін тигізген жоқ па?

- Тәжвирус індетінің шағын және орта бизнеске үлкен соққы болғаны рас. Әсіресе, тамақтану орындары, киім-кешек дүкендері, тойханалары барларға қатты әсер етті. Алайда дәл осы пандемияның салдарынан көп мекемелердің, сауда үйлерінің қаңырап бос қалғаны бізге жақсы мүмкіндік бола қалды. Қалай десеңіз, егер әдеттегідей көктем шығып, жаз басталып сауда-саттықтың қызған шағы болса, балмұздақ сататын қолайлы орын табу оңай болмас еді. Осы аралықта қаладағы халық көп келеді деген сауда үйлерінен өз нүктемізді сайлап үлгердік.

Бұрын-соңды сұранысқа ие болмаған, елімізде кең етек жая қоймаған, тіпті кейбіреулер мүлдем білмейтін бұл жаңа өнім өскемендіктерге қаншалықты ұнап жатыр? Алғаш дәмін татып көргендердің берген бағалары, айтқан пікірлері қандай?
- Бастапқыда адамдар балмұздақ қымыздан жасалған дегеннің өзін бірден қабылдай алмай жатады. Өтіп кетіп, қайта кері бұрылып келіп "ондай да бар ма еді?" деген таңданыстарын жасырмайды. Мен өнімнің сапасына өзім де күмән келтірмеймін. Өйткені барлығы табиғи: таза қымыз, ешқандай химикатсыз, ұнтақсыз. Тіпті балмұздақтың жемістен жасалатын түрлеріне бояғыш заттар қосуды да құп көрмеймін. Жемістің шырынының өзі қаншалықты рең береді, сол қалпында қалады.

Дүкендеріңізге бас сұққанымда балмұздақтың 6 түрі бар екенін көрдім. Жоғарыда өзіңіз де жемістерді пайдаланамыз деп атап кеттіңіз, ол қандай жемістер?
- Әу баста Семейге барғанда, Айдыннан балмұздақтың тек 3 түрін ғана алып келгенбіз: қымыз, саумал және шоколад пен қымыз араласқан. Кейіннен сату барысында кішкентай балалардың қымыз қосылған балмұздақты жегенде тыжырынатынын байқадым. Ал саумалдан жаңа сауылған сүттің дәмі шығып тұрады. Оны да талғаммен арнайы іздеп келетіндер болмаса, екінің бірі сүйсініп жей қоймайды. Содан бастап тұтынушыларды тағы қалай таңғалдыра аламын, қызықтыра аламын деген оймен ізденіске түстім, зерттедім. Ең алдымен әлемдік брендке айналған "кока-кола" сусынынан бастадым. Халық жақсы қабылдады. Жаздық маусымдағы жеміс-жидектердің пісіп, сұраныстың артқан шағында қауыннан жасап көрдім. Өйткені оның кереметтей хош иісі бар, дәмі бар. Қауын мен бал қосып жасаған өнімімізді балалар да, ересектер де қатты ұнатты. Соңғы кезде жасап сатып жатқан жаңа түр, менің өзіме де өте қатты ұнайтын, ол - таңқурай қосып жасалған балмұздақ. Таңқурайдың түсі де қызыл. Ақ, қоңыр, сары түсті тәттілердің ортасында көздің жауын алып, ерекше қызарып тұрады. Кішкентайлар келіп қарап тұрады да, түсіне қарап бірден соны алады. Алайда біз әрқашан қымызға альтернатива жасай отырып, басты міндетіміз қазақтың қымызын таныту екенін ұмытпаймыз. Алдымызға келген клиентке әуелі қымыздан жасалған өнімді ұсынып, тек сосын қарбыз, қаражидек, қарақат, фанта сусыны қосылған балмұздақтар барын айтамыз.

Балмұздақтың да аптап ыстықта суға түсу маусымы сияқты тек жазда ғана сау-
дасы жақсы жүріп, күз келіп, қыс түскен соң бұл жаққа ағылатын адамдардың аяқ алысы азаятыны түсінікті. Бірақ қыстыгүнгі суықта салқын тоқбасарды іздейтіндер де табылады. Осы орайда өнімдеріңізді дүкен сөрелеріне, тойханаларға, тамақтану орындарына шығару жоспарда бар ма? Мына жаһанданған, дамыған заманда киімін де, тамағын да, затын да үйге алдыратындар көп. Жеткізу қызметі қолға алына ма?
- Өнім жаңа болғандықтан, адамдар әлі толық білмейді. Дәмін көрмегендіктен көп ешкім алмайды. Жарнамасы жоқ тауардың саудасы жүрмейтініне көзім жетті. Қала халқы, облыс халқы қымыздан жасалатын балмұздақтың бар екенін біліп, соған сұраныс артқан кезде дүкендер мен мейрамханаларға да шығарамыз, жеткізу қызметіне де көшеміз.
Әр аймақтың, әр қаланың өзіне тән менталитеті, ерекшелігі бар екені мәлім. Біз білетін Берік мырзаның балмұздақ сату әдісі үнсіз ғана "алсаң ал, алмасаң алма" деп тұратын саудагерлерге ұқсамайды. Айғайыңызды айналаңыздағы әріптестеріңіз қалай қабылдап жатыр?
- Несін жасырайық, біздің шығыстың менталитеті басқа жақтан сәл бөлектеу. Егер оңтүстік өңірлерде, Алматы қаласында осы кәсіпті бастаған болсам, әлдеқашан шарықтап кетуші еді деп ойлаймын. Сосын, сатушы деген клиент келгенде ғана сұрағанын беріп, ешкім жоқта телефон шұқылап үндемей отыратын кісі емес қой. Оның несі саудагер? Алғаш білек сыбанып кіріскенде өзім де ыңғайсызданғанмын. Қазір үйреніп алдым. Қасымда тұратындар әлі күнге дейін таңырқап, жатырқап қарайды. Өтіп бара жатқан кісіге бірнеше секундтың ішінде қымыздан балмұздақ жасалатынын, отандық өнім екенін айтып үлгеріп, айғайлап шақырып алмасаң, олар қайдан білсін?! Шіліңгір шілдеде шөлдеп, ыстықтап, шешесіне балмұздақ әпер деп жылап келе жатқан балаға тауарыңды өткізу оп-оңай. Ал ет алуға бара жатқан атаға, көкөніс алуға келе жатқан әйелге сатып көр. Міне, -сауда деген осы. Жұмысшылар іздеген кезде жастар өте көп хабарласты. Оларға "ұялмай, дауысыңды қатты шығарып, айғайлап сата аласың ба?" деген бір ғана сұрақ қойдым. Ондай түсінік жоқ болғасын 99%-ы бас тартты. Қазір сату нүктелерінде тұрған еті тірі, пысық, мінезі ашық 2 оқушы қыз бар. Бір сөзбен айтқанда, Өскемен қаласында сауда әлемінде "жарылыс жасап", шектеулі қағиданы бұзып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысын қымыздан жасалған балмұздақпен қамтамасыз етемін деген деген ұлтжанды кәсіпкердің арманы орындалсын деп тіледік. Ұлттық брендімізді танытуға үлес  қосып, Өскеменнің сауда әлемінде жаңалық жасап, қалыптасқан ескі таптаурындарды бұзуға барын салып жатқан еңбегі жемісті болғай.

Балмұздақтың негізгі жасалу жолы құпия, дегенмен құрамында қымыз, сүт, қанттан өзге артық қоспа жоқ
Қымыздан жасалған балмұздақ
Қымыздан жасалған балмұздақ
Қымыздан жасалған балмұздақ
Следующая новость