22 қаңтар 2021 года, 17:14
Аян Қалымбек

З. Самашев: "Қазақ археологиясына кадрлар жетіспейді"

Ақбауырға биліктің бүйрегі қашан бұрады?
Фото: автордікі
Біздің дәуірімізге дейінгі V-ІІІ ғасырларда охрамен, яғни қызыл-қошқыл түсті минерал бояумен салынған суреттері бар, киіз үйдің аумағындай ерекше тас үңгір - Ақбауырда. 3-5 мың жылдықтарда өмір сүрген адамдардың қолымен жазылған, сирек ұшырасатын петроглифтер - Ақбауырда. Әлемде екі жерде ғана кездесетін, жосамен таңбаланған құпия жазу-сызулары бар кешеннің бірі әрі бірегейі - Ақбауырда.

Иә, өзіміздің Өскеменнен 36-ақ шақырым, тіпті таяқ тастам жерде орналасқан Ақбауырдың қаншалықты құнды мұра, қастерлі мекен, маңызды нысан екенін әлі де жете түсіне қоймаған сияқтымыз. Өйткені ол Қазақияның түкпір-түкпірінен табылған таңбалы тастар секілді әдепкі ескерткіштердің қатарында емес. Ақбауыр -
қола дәуірі қорымдарын, мұртты обаларды, әр түрлі дәуірдің петроглифтерін, ерте темір ғасыры қорғандарын қойнына алып жатқан тарихи-археологиялық, астрономиялық кешен. Бұл жерде жерлеу рәсімдері, тәу ету ғұрыптары, түрлі жоралғылар ғана жасалып қоймай, аспан әлеміне астрономиялық бақылау жасалып, Күн мен Айға, жұлдыздар мен ғаламшарларға зерттеу жүргізілген. Құржымбай тауының етегі - энергетикалық және ақпараттық генератор іспеттес дейді бірқатар ғалымдар.



Қаржы бөлінбей тұр, бөлінсе де жетпей жүр...



Өкініштісі сол, осындай қолда бар қазынамыздың қадіріне жете алмай жүрміз. "Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды" дейді жазушы Әбіш Кәкілбаев. Ақбауырды әлемге әйгілеп, танытатын да жөніміз бар еді. Оған мүмкіндік те болған. Көп жылдар бойы жоқтаушысы жолықпай жетімсіреп қалған тарихи жерді облыстың бұрынғы басшысы қамқорлыққа алып бастаған еді. Ол жерден аспан асты мұражайын ашу туралы тың ой тастаған да Бердібек Сапарбаев болған. Көп ұзамай аталған мұражай жобасы 2013-2015 жылдары аймақты дамыту бағдарламасындағы іс-шаралардың жоспарына да енгізілді. Сол кезде Ақбауыр кешенінің жеке шаруа қожалығына тиесілі жер аумағында орналасқаны белгілі болды. Бердібек Мәшбекұлының арнайы тапсырмасымен Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені мемлекет қарамағына өтіп, аумағы қоршалды. Ал аспан асты мұражайын салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Бұл тақырыпты осыдан 7 жыл бұрын облыстық "Дидар" газетінің тілшілері де "Алты мың жылдық тарихы бар Ақбауыр аспан асты мұражайына қашан айналады?" деген мақалада көтеруіндей-ақ көтерді. 2012 жылдың тамыз айында облыстық құрылыс басқармасы мұражай басшылығының рұқсатынсыз құрылыс нысанын тұрғызуға байқау жариялаған екен. Бірақ мұражай қызметкерлері байқаудың жарияланғанын тек қыркүйек айында ғана біліпті. Шым-шытырық шиеленістің бәрі осы арадан басталған көрінеді. Өйткені құрылыс жобасын әу баста Алматыдағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының сәулетшілері жасаған екен. Тіпті, олардың жасаған жобасы туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Содан соң шаруаға мұражай басшылығы араласады. Байқауда жеңіске жеткен "Шығыс ЛТД" фирмасы Алматы құрылыс академияның сәулетшілерімен жобалық-сметалық құжаттың сәулеттік жоспарлау бойынша келісім жасауға мәжбүр болады. Осылайша қаржының жартысы академияға аударылады да, жұмыстың белгілі мөлшері аяқталады. Алайда "Шығыс ЛТД" компаниясы қаржының жетіспеушілігін сылтау етіп, құрылыс жұмыстарын тоқтатады. Облыстық мұражайдың аға қызметкері Галина Петенованың айтуынша, сол кезде облыстық құрылыс басқармасы қажетті қаржының қалған бөлігін аударуға шешім шығарған, әйтсе де қаражат діттеген жеріне жетпеген. "Ақша жоқ" деп жүргенде қолда бардың қадіріне жете алмай қалмасақ болғаны әйтеуір.

Астрономиялық обсерватория болуы мүмкін



Орыс тарихшысы Леонид Марсадолов зерттеу нысандары негізінен Күн, жұлдызды аспан, Тауешкі шоқжұлдыздары болған дегенді алға тартса, ақын Евгений Курдаков жартастағы табиғи ойықтарды "Астрокешен" деп атап кеткен екен. Ақбауыр жартастарындағы айқыш-ұйқыш таңбалар да тылсым сырға толы. Бұл жердің байырғы халқы аспан әлемінің құпиясын кітап оқығандай ап-айқын білген бе дерсіз?!
Таудың өзі пирамида іспеттес, ұшы сүйірленіп көкке шаншыла біткен. Жетіқарақшы жұлдызы және күн сағаттары бейнеленген алаң - ежелгі астрономиялық зертхана тәрізді. Гранит плиталардың жанында ғарыш кемесінің түсу сәтінен хабар беретін үңгір тұр. Қуысқа апаратын табиғат жаратқан тас баспалдақтар да әлем шыңына көтерілумен байланысты-мыс. Зерттеушілер мен ғалымдардың біразы мұнда жүйелі түрде астрономиялық байқау өткізілген, ал неолит дәуірінің петроглифтері жазу-сызудың, хат жазудың, хабар алмасудың алғаш Ақбауырда пайда болғанын көрсетеді деп тұжырымдайды.

Алты мың жыл бұрын осы өлкені мекен еткен тайпалар астрономия мен Зодиак жұлдыздарын қайдан білген? Жартылай жабайы адамдарға ғарыш кеңістігін зерттеу не үшін қажет болды екен? Демек ана-а-ау айтқандай жабайы емес, керісінше өркениет дәуірінің өкілдері болып тұр ғой?! Басқасы басқа, аспан әлемін танып-білуде данышпан болған Ақбауыр тұрғындарынан қалған ескерткіштер - дүниежүзіндегі санаулы орындардың бірі.
- Иә, солай. Борис Щербаков та санаулы ғана деген. Жер бетінде жалғыз ғана десе қайтер еді. Сірә, өркениетті адамзат баласының аузынан түспей келе жатқан Анлияның "Аспалы тас" - Стоунхеджінің атақ-даңқынан қамыққан шығар. Туысқан қырғыздардың Ақшұңқыр үңгіріндегі тастағы суреттер мен өзіміздің Жасыбай көліндегі құпия үңгірдің жай-күйін білетіндіктен айтқан шығар, - дейді жазушы Серік Байхонов.

Құпиясын ашуға құлшынып кірісетін жастар жоқ


Талай қазба жұмыстарына қатысқан, басы-қасында болған, экспедициялардан қалмайтын Галина Петеновадан сыр тартып көрдік.
- Өз басым Ақбауырдың аумағына туристтердің құжынап қаптауына қарсымын. Құржымбай тауының етегі кәуәп пісіріп, самауыр қайнатып, көкке шығатын демалыс алаңы емес. Бұл - қастерлі де қасиетті орын. Мықтап тұрып қолға аламын десе, ішкі туризмді дамытумен мұражай басшылығы емес, Ұлан ауданының әкімдігі айналысу қажет. Алайда құзырлы мекемелермен ақылдаса отырып, табиғат байлығына, мемлекет қорғауындағы ескерткішке нұқсан келмеуін қадағалаймыз. Қоршалған 62 гектар аумақта үш тамақтанатын, демалатын орын (беседка), әжетхана бар. Күзетшілерге отыратын бекет-үй берілген. Басқа не керек? Қонақ үй, дүкен, асхана немесе тағы бірдеңе салу керек болса, Бестерек пен Сағыр ауылдары тиіп тұр. Одан кейін, Ақбауырды неге әлем естіп білмей жатыр, көрмей жатыр? Өйткені оның өзі әлі түбегейлі толық зерттеліп болған жоқ. Ана үңгірдегі суреттердің, құпия таңбалар сырын ішіне бүккен жұмбақ күйінде қалып отыр. Мен білсем, ол жәй таңбалар емес, жазу-сызу. Сол кездегі адамдардың тілі, бір-бірін түсінісуі. Егер соны анықтасақ әлемдегі алғашқы жазу-сызу шығыста, Ақбауырда пайда болған деп айта аламыз. Өйткені мұндағы сызбалар Есік қорғанында Алтын киімді адамның жанынан табылған күміс табақтағы 26 таңбадан да ескі. Құпиясы ашылса әлемге сенсациялық жаңалық ашуға болады. Бірақ бұл жұмысқа білек сыбанып, бел шешіп кірісіп, айналысатын мамандар жоқ. Қолдау бар, тақырып дайын, мақсат айқын, ал кадр-лар тапшы. Жалақысы аз болғандықтан жастар келмейді, басында қызығушылықпен жүретін жастар қалмайды, кетіп қалады. Америка мен Еуропаға Ақбауырдың атын шығару үшін қаншама еңбектер жазу керек, үңгірде жата-жас-тана қонып зерттеу керек. Бұл өте үлкен шаруа. Бірақ тарих ғылымындағы еңбек жолын енді-енді бастап келе жатқан әуесқойлар емес, кәсіби білікті мамандар айналысса бір нәтиже шығар еді, - дейді облыстық этнографиялық мұражайдың ғылыми қызметкері Галина Петенова.
Ұлан ауданындағы тарихи кешенді дамыту шеңберінде биыл жүзеге қандай жоба іске асатынын білу үшін облыстық туризм басқармасына хабарластық.
- Биыл көктем шыға басталатын республикалық турға Ақбауыр маршрутын енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы жолы Алматыдан арнайы өкілдер келді. Катонқарағай - Ұлан - Риддер бағыты бойын-ша тур ұйымдастырылады. Экскурсия жүргізуші гид қызметін атқаратын адамдарды оқытып дайындаймыз. Шығыс Қазақстанды көруге ынтық туристердің Ақбауырға деген қызығушылығын оята алсақ - археологиялық кешенге жұрт назарын аударуға бұл да сеп болар еді, - деді басқарма басшысы Марат Саятұлы.

"Өркениеттің өзегі - өндірісте"


Құндақта жатқан Ақбауырды әлдилеп алақанына салып, ғылымға алып келген - тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Зейнолла Самашев болатын.
- Өз басым Ақбауырды астрономиялық кешен дегенге сенбеймін. Тылсым дүниелердің бары рас. Бірақ нақты айғақ жоқ. Айтылғандардың барлығы дәлелсіз болжам ғана. Соңғы кезде, біз, археологтар алтын-күміс жылтыраққа әуес болып кеттік, енді өндіріс орындарына баса мән беруіміз қажет. Мысалы, Тарғында - Қарақойын, Манат ауылына таяу - Қалайытапқан, одан басқа Қошанай деген кен өндіру, металл балқыту, қорытпа жасау ошақтары табылды. Олар қазір жарым-жартылай зерттеліп отыр. Келер көктемнен бастап Ақбауырда қазба жұмыстарын бастаймыз. Осы жолы толықтай кешенді зерттеу жүргізгім келіп отыр. Өйткені ол жерде қоныстанған алғашқы сақтардың полиэкономикасы бізге беймәлім болып тұр. Дүниежүзіне және Қазақстанға ата-бабаларымыздың тек көшіп-қонып жүргенін емес, керемет технологияларды пайдаланып металл өндірумен, өңдеумен айналысқанын, отырықшы тіршілік кешкенін де дәлелдеуіміз қажет.
Хош, қаржы бөлінді, бірақ желінді дедік, қолдау мен ақша бар, бірақ мамандар жоқ дедік. Әйтеуір ырың-жырыңы көп, 8 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Бір білетініміз - алты мың жылдық Ақбауырға салынады деген аспан асты мұражайы әзірге бой көтермеген. Аяқталмай қалған шаруаны Зейнолла ағамыздың мұрындық болуымен облыс әкімі тындырады деп сенеміз.

Следующая новость

Тақырып бойынша жаңалықтар

Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Катонқарағай ауданында онамастика бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Жұмыс тобының күн тәртібінде аудандағы жер-су тарихи атауларын қайтару мәселесі қаралды
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Шығыс қазақстан облысы әкімінің халық алдындағы есебі барысында өңір басшысы Д. Ахметов С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Абайтану бағдарламасын іске асыру тәжірибесін атап өтті
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Өскемен қаласында  Президенттік қысқы көпсайыс бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының республикалық чемпионаты өтті
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Зайсан ауданында жол апатына түсіп, ауыр жағдайда жатқан науқасқа аудандық дәрігерлер Өскеменнен санавиациялық ұшақ шақыртқан. Ұшақтың әлі келмегендігін айтқан науқастың жақындары әлеуметтік желіде видео үндеу жарияланған болатын
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
27 көшесінің идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары ауыстырылды