30 шілде 2021 года, 10:36
Әйгерім Зайнолдинова

Тарбағатайлықтар жол азабын тартып отыр

Тарбағатай ауданы Ойшілік пен Жетіарал ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Ойдым-ойдым жол жұрттың жүйкесін жұқартқан. Аудан орталығына қатынау қиын
Фото: тұрғындар ұсынды
Жетіарал ауылына барар жол жүргізушілер үшін нағыз сынақ. Жолдың ұзындығы небары үш жарым шақырым болғанымен, қатынау едәуір уақытты алады. Өйткені қарға адым сайын шұңқыр шығады. Жетіарал ауылына апарар жол неліктен жөнделіп бітпей жатыр?


Мәселе - фотоларды тұрғындар ұсынды (3).jpg


Осыдан үш жыл бұрын аудан әкімдігіндегілер ауыл тұрғындарына сөз берген. Тұрғындардың айтуынша, Ақжар-Жетіарал, Ақсуат-Ойшілік ауылдары аралығындағы жолдарды жөндеуге 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген көрінеді. Жетіаралдықтар "Мейлі, миллион бөлінсін, тек жоспарға енгізілген жол бөлігін сиырқұйымшақтандырмай, сапалы етіп жөндеп кетсе түк етпес еді ғой" деп сан соғып келеді.
- Шамамен бес-алты шақырымы ғана асфальт-талды. Мұны облыстық газеттерден бөлек, республикалық БАҚ өкілдері де жариялаған болатын. Мейлі, қаржыны теңдей бөліп пайдаланғанның өзінде кемі 20 шақырымға тасжол төсеу қолдарынан келіп тұр. Көлікпен жүру мүмкін болмай барады, ойдым-шұңқырдан қашып құтылмайсың, - деді Ойшілік ауылының тұрғыны Омархан Найзабекұлы (аты-жөні өзгертілген).
Аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер жолдың қалған бөлігін асфальттау үшін бюджеттік өтінім әзірленіп, облыстық басқармаға жіберілгендігін, сәтін салып, республикалық және облыстық қазынадан тиісті қаржы бөлінсе, аяқталмаған жұмыстың біржақты болатындығын жеткізген еді. Аудан басшылығы сол жоғарыда келтірілген сандарды тізбелеп, алдағы жұмыс барысына бір тоқталып өтті.


Мәселе - фотоларды тұрғындар ұсынды (2).jpg
- 2019 жылы аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберістің 5,6 шақырымы (69 млн теңге), Ойшілік ауылына кіреберістің 15 шақырым учаскесі облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы теңгеріміне алынып, тапсырыс беруші ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ал мердігер ұйым "Зайсан құрылыс компаниясы" ЖШС тарапынан орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта орын алған кемшіліктер үш жылдық кепілдік мерзім шеңберінде қалпына келтірілді. Сапасы қанағаттанарлық жағдайда, - деді аудан әкімдігіндегілер.
Ресми мәлімет бойынша, Жетіаралда - 688, Ойшілікте 1218 тұрғын бар. Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберіс жолдың 5,6 шақырымына, ал Ойшілік елді мекеніне кіре берісті 18,2 шақырымына асфальтбетон жамылғысы төселген. Ал шенеуніктер жолдың қалған бөлігін 2025 жылға дейін салып бітіреміз дейді. 
- Жоспарға сәйкес аталған жолдардың асфальтталмаған бөлігін 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жұмысты тәмәмдау "Зайсан құрылыс компаниясы" мердігер мекемесінің жауапкершілігінде. Мәселені бақылауға алу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан бюджеттік өтінімдер мен ұсынымдар құзырлы мемлекеттік органдарға жолданбақ, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров.
Әкім-қарадан көмек болмаған соң тұрғындар үніміз "еститін үкіметтің" құлағына жетіп қалар деген үмітпен мәселені әлеуметтік желілерде жазып жүр.
- 2019 жылы ауылдың жолын жөндеуге 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, Ақжар мен Жетіаралдың арасындағы жолдың 5-6 шақырымына ғана тасжол төселді. Негізі 12 шақырым. Қалған жері ойдым-ойдым шұңқыр күйінде қалды. "Аспаннан киіз жауса да, қайыршыға ұлтарақтай киіз бұйырмайды" дегендей, бюджеттен ақша бөлінсе де, халық игілігін көріп отырған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай жолдың жайы мәз емес, - дейді әлеуметтік желі қолданушысы Ермек Құрманғалитегі. 
"Жол азабы - көр азабы" деген мақалдың мәнін тарбағатайлықтар жақсы біледі. Тарбағатай ауданының тұрғындары жол сапасына байланысты осыған дейін де бірнеше рет шағымданған болатын. Тіпті былтыр ғана жаңадан салынған көше жолының кейбір жері 1 метр тереңдікке дейін ойылып кеткені туралы әлеуметтік желіде жазған. Алайда тұрғындар енді қанша шағымданса да жолдардың түгел жөнделуін 2025 жылға дейін күтуіне тура келеді. "Сабыр түбі сары алтын" демекші күтуден басқа амал жоқ сияқты...
Следующая новость
Telegram


Тақырып бойынша жаңалықтар

Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы Баршатас аулында қазір 1750 адам өмір сүреді
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Қазақстандағы ең алғашқы азан Аршатыда шақырылады
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
1 қыркүйек - білім күнінде жауған жаңбыр мен бұршақтан кейін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Қ. Билялов атындағы мектеп-лицейдің төбесінен сорғалап су ағып кетті
Өскеменнің және ШҚО-ның бүгінгі жаңалықтары -
Маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының үстіне салынатын көпірдің құрылысы басталады дегенде ел ерекше қуанғанымен, қазір жұмыс тоқтап, облыс орталығынан шалғайдағы Күршім, Марқакөл өңірі халқының көңіліне қайта кірбің ұялай бастады